АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖҮЙЕСІ — Орталық Азия мемл-терінің біріккен энергетика жүйесінің құрамына енеді. 1997 жылға дейін Алматы, Талдықорған облыстарының тұтынушыларын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келді. 1954 жылдан 1996 жылға дейін “Алматыэнерго” деп аталды. Қапшағай СЭС-інің салынуына орай 1996 ж. кернеуі 220 кВ Алматы — Талдықорған әуе электр желіді тартылды. Соның нәтижесінде бұрын дербес жұмыс істеп келген Текелі электр торабы ортақ жүйеге қосылды. Ал 1968 ж. пайдалануға берілген кернеуі 220 кВ Алматы — Бішкек электр жеткізу желісі іске қосылып, А. э. ж. Қазақстанның оңт. мен Орта Азия біріккен энергетика жүйесінің біртұтас бөлігіне айналды. Соңғы жылдары бұл байланыс Алматы — Бішкек — Тараз — Шымкент — Ташкент 500 кВ электр берілісі желісімен күшейтілді. А.э.ж. құрамына Алматы жылу электр орталығы мен СЭС-тер тізбегі және Қапшағай СЭС-і енеді.
1996 ж.А. э. ж. бельгиялық “Трактабель” компаниясының қарамағына беріліп, “Алматы Пауэр Консолидейтэд” (АПК) жабық үлгідегі акцион. қоғамы деп аталды. АПК құрамынан бұрынғы Талдықорған обл-ның электр тораптары кәсіпорны шығарылып, “Талдықорған акционерлік тасымалдау торабы компаниясы” болып аталады.