АЛТАЙ ҚАСҚЫРЖИДЕГІ (Daphne altaica) — көкендер тұқымдасының қасқыржидек туысына жататын бұта. Алтай, Сауыр, Маңырақ, Тарбағатай, Сарыарқа өңірлерінің тау бөктерлерінде, жапырақты ормандарында, бұталар арасында өседі. Биікт. 40 — 80 см, жапырақтары ұзынша эллипс тәрізді, ұз. 2 — 6 см болады. Ақ жұпар иісті, 3 — 7 гүлдері қысқа бұтақтарының ұшында орналасқан. Тұқымынан көбейеді. Мамыр — маусым айларында гүлдейді, шілдеде жеміс береді. Жемісі — қара түсті сүйекше. А. қ-не табиғи ортада жиі болатын өрт үлкен зиян келтіреді. А. қ. — сәндік өсімдік әрі өте сирек кездесетін реликті түр. Соңдықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.