АҚ ТҰҢҒИЫҚ

АҚ ТҰҢҒИЫҚ (Nymphaeaalbe) — тұңғиық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін су өсімдігі. Қазақстанда сирек өседі. Негізінен, батыс аймақтарында (Батыс Қазақстан обл.) таралған. Су астындағы жүрек тәрізді, сопақша, тамыр сабағы топырақка төселіп, кейде дөңгелек жапырақтары су бетіне жайылып өседі. Жұмыртқа тәрізді гүлі сопақтау, күлтелері көп желекті, ақ түсті болады. Тұқымынан және өсімді (вегетативті) жолмен көбейеді. Маусым — тамызда гүлдейді, қыркүйекте жеміс береді. А. т. — сәндік өсімдік. Ол бау-бақшаны, саябақтарды көгалдандыру үшін өсіріледі. Өте сирек кездесетін түр болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. 

АҚ ТҰТ (Morus alba) — тұт тұқымдасына жататын ағаш. Қазақстанда тек Оңт. Қазақстанда ғана өседі. Биікт. 10 — 20 м, діңінің жуанд. 60 — 80 см. Жапырақтары жұмсақ, аздап түкті, түсі жазда жасыл, күзде солғын сары түсті болады. Гүлі дара жынысты, жалған шоқ жемісті келеді. Оны тұт жидегі деп атайды. А. т. тұқымынан өсіріледі. Шыбығын қалемшелеп не тамыр атпасынан көшеттеп те өсіруге болады. Сәуір — мамыр айларында гүлдейді, жаздың басында жеміс бере бастайды. Жеміс беруі 4-5 жылдан кейін басталады, 40 — 50 жылда өсуі тоқталады. Түт ағашы 200 — 300 жылдай жасайды. Жақсы өсіп-жетілген ағаштар қалың жапырақты, жемісті келеді. Бір ағашынан 12 — 50 кг жеміс, 15 — 35 кг жапырақ алынады. Жібек көбелектерін көбейту үшін А. т. ағашының жапырақты және өнімді сорттары шығарылған. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *