АҚҮЙІК ҚОРЫМЫ — сәулет өнері ескерткіші. Маңғыстау обл. Шетпе маңында орналасқан. Б.з.б. 1 ғ-да сақталған үш сармат обасынан (Маңғыстау қазақтары обаны үйік деп атайды), 19 ғ-дың ақыры — 20 ғ. бас кезіндегі салынған 20-дан астам сәулет ескерткішінен құралған. Олардың ішінде 4 ірі сағана там мен 3-күмбезді мазар бар. Бұл ескерткіштер Арал мен Атырау өңірінде кездесетін барлық сәулет мұраларының озық үлгісіне жатады. Сармат обаларының ең үлкені 1930 ж. қазылған. А. қ. ішіндегі әсем туындының бірі Оразалы зайыбы Тәжі күмбезі 1914 ж. салынған. Ауд. 6,24×4,20 м, биікт. 8,6 м, 1924 ж. оңт.-батыс бұрышы құлаған. Инж. зерттеулердің қорытындысы бойынша, ұзынырақ етіп салынған төртбұрышты қабырғалар алып барабан мен күмбезді көтере алмай құлаған. Маңғыстауда мазарларды әдетте бірнеше адамды жерлеу үшін кең етіп салады. Алдыңғы жағының аз ғана сақталған бөлігі — Тәжі күмбезінің әдемі ою- өрнектермен безендірілгенін көрсетеді. Солт. және шығыс жақтағы фасадтары өрнектелген пилястрларға бөлініп, ұзын таспадай созылып, ою-өрнекгі фризбен бітеді. Ішіндегі ойықтар әйелдің әшекейлері, кебіс, мәсі, самаурын, ыдыс-аяқ, өсімдік және қошқар мүйіз ою-өрнектерімен безендірілген. 1981 ж. Тәжі күмбезі “Маңғыстауқайтажөндеу” мекемесінің күшімен толық калпына келтірілді.