АҚЫШЕВ Кемел (23.5.1924 ж.т., Павлодар обл. Баянауыл кенті) — археолог, казақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Қазақстан Мемл. сыйлығының (1982), ҚР ҒА-ның Ш. Уәлиханов атынд. арнаулы сыйлықтың (1966) лауреаты. Герман Археол. ин-тының корр. мүшесі (1983), Қазақстан ғылымына еңб. сің. қайраткер (1989). Қазақ мемл. ун-тін бітірген соң (1950), Қазақстан ҒА-нда әуелі аспирант, кіші және аға ғылыми қызметкер, кейін 1955 — 90 ж. Ш. Уәлиханов атынд. Тарих, археол. және этногр. ин-ты археол. бөлімінің меңгерушісі, 1991 жылдан бастап Ә. Марғұлан атынд. Археол. ин-тының бөлім меңгерушісі, ин-ттың бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарып келеді. 1954 жылдан бастап Қазақстан көлеміндегі Солт., Оңт. және Жетісу археол. экспедицияларының ұйымдастырушысы және жетекшісі. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған “Алтын адам” (б.з.б. 5-4 ғ.), Бесшатыр (б.з.б. 6 — 5 ғ.), Отырар жәдігерлерін ашып, зерттеді. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтады. А. — көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. 220-ға жуық ғыл. еңбек, соның ішінде 14 монография жазған. “Парасат” орденімен марапатталды (1998).