АҚЫН — поэзиялық туындыларды (өлең, жыр-дастан, поэмаларды) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. А. ұғымының жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы кең, ол солардың бәрін қамтиды. Ауыз әдебиетінде ақын өлең, жыр-дастандарды шығарушы да, айтып таратушы да болған. Халықтың сөз өнерінде ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша шынайы А-дар өлеңді табан астында суырып салып айтқан. Ондай жағдайда өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарына қосылып орындаған. Оларды халық әдебиетінің дәстүрлерін сақтайды деген мағынада біздің заманымызда “халық ақыны” деп атайтын болды. Қазақ халқының Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, т.б. ақындары көптеген мұра қалдырған. Олар жыршылық өнерді де меңгеріп, кейде ұзақ дастан-жырларды жатқа айтқан. Мұндай ақындар тек қазақ халқында ғана емес, туысқан қырғыз, қаракалпақ халықтарында да кездеседі.
А. деп жазба әдебиетінің өкілін де атайды. Бірақ мұндағы А-ның тұлғасы мүлде басқа. Жазба әдебиет өкілдерін алсақ, бұлардың өмір шындығын бейнелеу әдісі, көркемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешелігі қай жағынан да жаңа соны қасиет-сипаттар мол. Қазақ әдебиетінде жазба әдебиетінің дәстүрін жан-жақты қалыптастырып дамытуға Абайдан бастап С. Торайғыров, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, I. Жансүгіров сияқты көптеген акындар өз үлесін қосқан. Сөйтіп А. деген сөздің мағынасы өте кең, ол поэзиядағы әр түрлі тарихи кезеңдердегі, әр қилы дарын иелерін қамтиды. Соларды үлкен екі топқа бөліп, жырау, жыршы, термешілерді, өлең-жырды ауызша шығаратын, ауызша (домбырамен) суырып салып айтатын ақпа ақын сөз зергерлерін жинақтап жыршы ақын деп атауға болады. Сонда оларды жазба әдебиетінің өкілі жазушы ақыннан бөліп алып, өз алдына бөлекше шығармашылық тұлға ретінде қарауға мүмкіндік туады. Ауызекі тілде әнші ақындар, айтыскер ақын, т.б. деп бөлуде қалыптасқан.