АҚЫЛ-ОЙ ТӘРБИЕСІ — балалардың ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық ақыл- ой санасын, дүниеге ғылыми көзқарасын жетілдіру, ой еңбегі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет. А.-о. т. жеке тұлғаны қоғамның өркениетті даму бағытына сай жан-жақты тәрбиелеудің құрамды бөліктерінің бірі. Ол білім жүйесін меңгеруге, оқушылардың рухани күшінің дамуына ықпал жасайды. А.-о. т-нің басты міндеттері: оқушыларды табиғат, қоғам, адам жайындағы ғылым негіздерімен қаруландыру; қоршаған ақиқат дүниеге ғылыми көзқарасын, сенімін қалыптастыру; балалардың ойлау қабілетін (абстрактілі ойлау, ойлау операциялары — талдау, синтездеу, салыстыру, жинақтау, топтау, негізгісін ажырату, жіктеу, т.б.), таным іс-әрекетін (іскерлік, дағды, бақылау, жазу, т.б.) дамыту. Ол ой еңбегі мәдениетін меңгеруге, интелекгуалдық іс-әрекетпен ұзақ шұғылдана білуге, оқушыларды дербес жұмыс істеуге дағдыландырады. А. о. т. шәкірттердің ерекшеліктеріне қарай дидактикалық талаптар (саналылық, белсенділік, өздігінен жұмыс істеуге үйрену, ұғыну, т.б.) қояды. Бұл талаптар оқу жоспары, бағдарламалар, окулықтар арқылы іске асады.