АҚЫЛБЕК Сабалұлы, Ақылбек бин Сабал Тұрабаев (17.9. 1880, бұрынғы Семей обл. Қарқаралы уезі Ақбота бол. — 4.1.1919, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Бесқарағай ауд. Бестерек мекені) — ақын. Ахмет Риза медресесінде оқыған. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік білген. Ақындық өнерде Абайды ұстаз тұтқан. Шығыс әдебиетінің қисса-хикаяларын аударып, қазақ жазба әдебиетінің тақырып көлемін кеңейткен, уақиғалы поэма-дастандар жазып байытқан. Қазан баспасынан шаққан қиссалары: “Таһир — Зуһра” (1902, 1911), (бұл поэмасы “Ғашықнаме” (1976) жинағына кірген), “Бозжігіт” (1910, 1911), “Қисса Марғұба” (1911), “Ибраһим” (1911), “Хикмет Нығмет” (1911), “Қырық уәзір” (1911, 11920 жол), “Алтын балық” (1912), “Самруғ” (1915), “Дандан ғашық”, т.б. Қазаннан басылып шаққан төл шығармалары: “Мағшұқнаме” (1910, 1911) — жастық-махаббат жайындағы өлеңдер, “Назым” (1911), “Сүм заман” (1911), “Ғибратнама” (1911), “Сәтбек батыр” (поэма, 1911, 1915), т.б. Өз қолынан жазған еңбектерінен үш қолжазбасы бар. Өлең-жырларының негізгі тақырыбы: адамгершілік, адалдық, әділеттік, өнер-ғылым мәселелері. А. кітаптары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан қ-ның үлкен кітапханаларында сақталған. Бейіті Жалқайың баурайында, Сарыой деген жерде.