АҚЫЛБАЙ Абайұлы Құнанбаев (1861, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Шыңғыстау мекені — 1904, Семей) — ақын. Абайдың үлкен ұлы. Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным өзінен бала болмағандықтан А-ды кішкене күнінен өз бауырына басады. А. ақындығымен коса, ән-күй, муз. өнеріне жүйрік, белгілі домбырашы, скрипкашы атанған, сазгерлік талантымен танылған. “Бір ән тауып Әлекең бер деген соң” деп аталатын әні халық арасында кең тараған. Орыс, Еуропа әдебиетімен өз бетінше оқып танысқан. Абайдың кеңесі бойынша үш поэма жазған. “Зұлыс” поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Генри Райдер Хаггарттың (1856 — 1925) “Сүлеймен патшаның кеніші” атты әйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық сақталмаған. “Жаррах”поэмасы мүлде жоғалып кеткен. Толық сақталған “Дағыстан” поэмасының тақырыбы — әділет пен зұлымдық күресі, “махаббат пен ғадауат майдандасқан” тартыс. Дастанға дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен қазақ өмірі үшін зор мәні бар әлеум. мәселелер көтерілген. А-дың лирикалық өлеңдерінен бізге 4 — 5-еуі ғана жеткен.