АҚТӨБЕ — ежелгі қала орны. Оңт. Кэзақстан обл. Шардара қ-ның оңт.-батысында 3 км жерде, Сырдарияның ескі арнасының бойында орналасқан. Қала орнында 1962 — 63 ж. Шардара археол. экспедициясы (жетекшісі Мерщиев С.) қазба жұмыстарын жүргізген. Төбе үш бөліктен: цитадельден, шахристаннан және рабадтан тұрады. Шахристанның жобасы трапеция тәріздес. Цитадельді терең ор мен қорғаныс қабырғалары (аумағы 70×60 м) бөліп жатыр. Шахристанның солт.-батыс жағындағы рабадтың орнын жартылай құм басып қалған. Цитадельдің (қазба аумағы 17×20) жоғарғы қабатындағы үйлердің қабырғасы (аумағы 30x15x6 см), саз (шым) кірпіштерден соғылған. Жоғары бетінен 2,4 м. тереңдіктен тағы да құрылыс қалдығы табылды. Ол қабырғалары 49х25х 10 см. келетін кірпіштерден қаланған. Табылған заттар 12 ғ-ға жатады. Төменгі құрылыс қабатынан төрт бөлмеден тұратын бекініс сарайының орны аршылды. Осы сарайдың сыртқы қабырғасына салынған қимадан қабырғаның қалған бөлігінің биікт. 3 м, төменгі жағындағы ені 7 м болғаны анықталды. Жиналған қыш ыдыстар мен шыныдан, металдан жасалған бұйымдар қала тұрғындарының 4-13 ғ. аралығында өмір сүргенін көрсетеді.