АҚТӨБЕ ГУБЕРНИЯСЫ -1920 жылдың ақырында Қазақ АКСР-ы Кеңестері 1- Құрылтай съезінің (Орынбор, 4-12 қазан) шешіміне сәйкес бұрынғы Орынбор — Торғай губерниясының негізінде жаңадан құрылған үш губернияның бірі. А. г-ның құрамына Ақбұлақ (18 болыс), Ақтөбе (41 болыс), Можар (20 болыс), Темір (27 болыс), Ырғыз (17 болыс) аудандары кірді. Орталығы Ақтөбе қ. болды. 1921 жылдың соңында Қарабұтақ пен Шалқар ауд-дары құрылды. 1921 ж. губерния аса ауыр қуаңшылықы басынан кешіріп, ашаршылыққа ұшырады. Мұнан кейінгі жылдары да губернияның х.ш. баяу дамып, елдің әлауқаты оңала қоймады. 1922 ж. 5 шілдеде аудандық бөлініс жойылып, 5 уез құрылды: Ақбұлақ (15 болыс), Ақтөбе (39 болыс), Ырғыз (8 болыс), Темір (20 болыс), Шалқар (6 болыс). 1928 ж. 17 қаңтарда А.г. Ақтөбе округі болып, ал 1932 ж. 10 наурызда Ақтөбе облысы болып қайта құрылды.