АҚТОПАЛАҢ

АҚТОПАЛАҢ (Enterotoxemia) — көктемде және күзде ұсақ малда кездесетін, жұқпалы ауру. А. 1910 жылдан белгілі. Аурудың қоздырғышы Clostridium perfringens тобындағы С және Д типтес анаэробты микробтар. Ол топырақта, тері мен жүн арасында 2 — 3 жыл сақталады. А-ды кейде “езілген бүйрек”, “шөп ауруы”, “секіртпе”, “жыбырлақ” деп әр түрлі атайды. А- мен буаз және жаңа төлдеген қойлар жиі ауырады. Аурудың өрбуіне көктемде көк шөптен іштің кебуі жөне ішектегі таспа құрттар әсер етеді. Ауру Қазақстанның оңт. аудандарында және Ақтөбе обл-нда жиі ұшырасады. Ауырған қой қатты күйзеліп, әлсірейді, аяқтарын серпіп, денесі дірілдеп, аузы-мұрнынан қанды көбік ағады, іші өтеді, 2 — 3 тәулікте өледі. Аурудың жіті түріне шалдыққан қой емдеуге келмейді, ал созылмалы түрінде гипериммунды қан сарысуына антибиотик қосып салады. Аурудың алдын алу үшін көктемгі жайылымға шығудан 2 ай бұрын қойларға канықтырылған поливалентті анатоксин вакдинасын егеді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *