АҚТЕРЕК — қола және орта ғасырлардан сақталған обалар. Алматы обл. Жамбыл ауд. Ақтерек кентінің оңт.-шығысында 6 км жерде орналасқан, үсті топырақпен, таспен үйілген 90-ға жуық оба. 1956 ж. Жетісу археол. экспедициясы (жетекшісі К.А. Ақышев) зерттеген. Бірнеше топпен тізбектеліп салынған обалар диаметрі 8—12 см. Шығыстан батысқа, оңт.-шығыстан солт.-батысқа қарай қазылған қабірлерден адам сүйектері табылды. Қабір беті ағашпен, таспен жабылған. Обалардан құмыра ыдыстар, темір пышақ, түйреуіш, шыны моншақ, қойдың құйымшақ сүйектері табылды. 1996 — 97 жылдардан зерттеулер барысында А. маңынан 14 — 15 ғ-ларға жататын Қазақ хандығының алғашқы кезеңінің отырықшы қыстақтары және саны 18-ге тарта ескі диірмен орындары анықталды. А. ескерткіштері көшпелі тайпалардың отырықшы халықтармен байланыста болғанын көрсетеді.