“АЛҚА” — қазақ жазушыларының ұлттық шығармашылық ұйымы. Қазан төңкерісінен кейін көркем әдебиеттен таптық принципті талап ете бастаған кезде қазақ қаламгерлерінің оған қарсылық, балама бағыт ретінде құрмақшы болған шығармашылық ұйымының бағдарламасын М. Жұмабаев бастаған ақын- жазушылар 1924 ж. дайындап, қолдан көшірілген 16 данасын пікір білу мақсатымен сол кездегі көрнекті қаламгерлерге таратқан. “Алқаның” бағдарламасын Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, А.Байтасов, М. Әуезов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов, С. Дөнентаев, Ж. Тілеуұлы, Е. Омаров, Е. Алдоңғаров, Ж. Сәрсенбіұлы сияқты қазақ зиялылары, мәдениет-әдебиет қайраткерлері қолдаған. Қолжазба күйінде сақталып қалған “А.” бағдарламасы “Әдебиетіміз”, “Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз”, “Ендігі төңкеріс һәм әдебиетіміз”, “Әдебиет не нөрсе? Әдебиеттің жалпы заңы”, “Марксшілдік һәм әдебиет. Не жазуға” деген негізгі бес бөлімнен тұрады. “Табалдырық” аталған кіріспесі “Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол” — деген жолдармен басталады да қазақ әдебиеті қандай жолмен дамуы керек деген сауалға жауап іздейді. Қоғамдық қатынастар дамуынан кенжелеу қалған қазақ халқының әдебиеті де дамымаған деген таптық теорияны жоққа шығарып “Шынында қазақтың өзгеше терең әдебиеті болған һэм бар” — деп мәлімдейді. Қазақ әдебиетінің алыбы Абайдың ақындығын аса жоғары бағалап, қазақ әдебиеті өзінен үлгі алатын дәрежеге жеткен жоқ деген сияқты солақай пікірлерді теріске шығарады. Төңкерістің қазақ даласына сырттан әкелінгендігі, сол себепті де қазақ әдебиетінің төңкерісті жырлауына негіздің жоқтығы, “ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүру керектігі” айқын айтылды. “А-ның” бағдарламасында “искусствоның негізі — сезім, құралы — сезімнен туған сурет, мақсаты — білім беру емес, сезім ояту” деп көрсетілді. “А.” бағдарламасының қолжазбасынан көшірілген фотонұсқасы ҚР Ұлттық қауіпсіздік к-тінің архивінде сақтаулы.