АЛҒАШҚЫ ҚАНАТСЫЗ ЖӘНДІКТЕР (Apterygota) — өте ұсақ, төменгі сатыдағы жәндіктердің бір тобы. Жер шарының барлық бөліктерінде кең тараған. Терісінің жұқа болуына байланысты күн сәулесі түспейтін ылғалды жерлерді — топырақ астын, орман төсенішін, шіріген томарларды, мүктердің арасын мекендейді. Дене тұрқы 2 — 3 мм болады, ең ірілері 50 мм-ге жетеді. Көкірек сегменттерінде аяқжұрнақтарының сақталуы, протоморфоз немесе аноморфоз жолымен дамуы сияқты ежелгі белгілерінің сақталып қалуына байланысты А. қ. ж- ді ғылымда ерекше класс тармақшасының өкілдері ретінде қарастырады. Бұл класс тармақшасына 4 отряд: мұртсыздар, аяққүйрыктылар, қосқұйрықтылар, қылшық құйрыктылар енеді. Алдыңғы 3 отрядтың өкілдерінің ауыз мүшелері бас қуысының ішінде орналасқандықтан энтогнаталар (Enthognata), ал ауыз мүшелері бас қуысының сыртында орналасқан қылшық құйрықтылар — тизанура тек- тестер (Thysanurata) тобына жатады. А. қ. ж., көбінесе, шіріген органик. қалдықтармен қоректеніп, топырақ түзу процесіне қатысады.