“АЛМАТЫ” — Алматы қаласына арналған энциклопедиялық-анықтамалық басылым.1983 ж. “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакциясы әзірлеп, баспадан шығарған. Қазақ және орыс тілдерінде жеке-жеке басылған. Кітапқа барлығы 1722 мақала енгізілген. Басылым түрлі түсті суреттермен көркем безендірілген. Көлемі — 77,5 б.т., таралымы — 30 мың дана. Кітап Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қ. мен оның төңірегінің табиғаты, халқы, тарихы, экон-сы, қала құрылысы мен архит-сы, халық ағарту ісі, физкультура мен спорт, бейнелеу өнері, театры, музыкасы, кино өнері, халықар. байланыстары туралы мәліметтер береді. Энциклопедияның алфавиттік бөлімінде астана аудандары, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар, мәдениет ошақтары мен оқу орындары, денсаулық және спорт орталықтары, алаңдар мен көшелер, тарихи орындар мен ескерткіштер жайындағы материалдар топтастырылған. Қалада бұрын-соңды қызмет атқарған көрнекті қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, ақын-жазушылар өмірімен таныстырады. Энциклопедия 1996 ж. орыс тілінде біраз ықшамдалып, жаңартылып қайта басылды.