АЛМАТЫ ҚОРЫҒЫ – Іле Алатауының орталық бөлігіндегі табиғат байлығын қорғау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1931 ж. құрылған мемлекеттік қорық. Ауд. 73,34 мың га (1997). А. қ-ның құрамына теңіз деңгейінен 1400 — 5017 м биіктікте орналасқан Талғар тау жоталары енеді. Ол 4 биіктік белдеуден тұрады. Оның орманды-дала белдеуінде (1300 — 2600 м) алма, өрік, долана, қарақат, итмұрын, ұшқат өседі. Жабайы жеміс ағашты орман Тянь— Шань шыршасынан тұратын қылқан жапырақты орманға (1400 — 2800 м) ауысады. Ал субальпі белдеуі (2600 — 3000 м) жартастар мен құлама шөгінділерден және шөбі аласа альпі шалғынынан тұрады. Одан жоғары (3800 м-ден биік) белдеуді ұдайы мұз басқан құздар алып жатыр. Қорықта өсімдіктердің 1300-ден аса түрі кездеседі, оның 112 түрі ағаштар мен бұталар. А. қ. жануарлар дүниесіне де бай. Онда сүтқоректілердің 40 (барыс, қоңыр аю, тас сусар, марал, таутеке, арқар, елік, суыр, тиін, т.б.), құстардың 200-дей түрі (самырсын құсы, шырша торғай, тоқылдақ, бұлбұл, үкі, кептер, қара және сары шымшық, құр, ұлар, қозықұмай, сушыл торғай, арша ементұмсығы, т.б.) бар. Бауырымен жорғалаушылардан: алай кесірткесі, қалқан-тұмсықты жылан; қосмекенділерден: көлбақа мен жасыл құрбақа кездеседі. Қорықта ғылыми жұмыстар жолға қойылған. Ғалымдар орманның қалыптасу заңдылықтарын, өсімдіктер мен жануарлар экологиясын және олардың биологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Қорықта көп жылдан бері “Табиғат шежіресі” атты күнделік жүргізіліп, онда жинақталған ғыл. мәліметтер А. қ. туралы 9 томдық кітапта баяндалған.