АЛМАЛЫҚ, А л м а л ы — Орта ғасырдағы көне қала жұрты. Іле өз-нің бойында, қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы территориясында, Қазақстан шекарасына іргелес Қорғас ауд-ның солт.-шығысында 15 км жерде орналасқан. Қираған қала орны шамамен 25 км аумақты алып жатыр. Кең ауқымды ресми археол. қазба жұмысы жүргізілген жоқ. 1950 ж. қытай археологы Хуан Вэнби және соңғы жылдарда Шыңжаң тарихи мұражайының археол. экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қыш және фарфор, оның ішінде орта ғасырларда аса қымбат бағаланған қытайдың селадон фарфор ыдыстары, Шағатай ұлысының алтын, күміс теңгелері, металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен еңбек құралдары, түркі тілінде сөздер жазылған несториандық құлпытастар, т.б. құнды мұралар табылды. Қаланың шығыс жағында А-та билік жүргізген Тұғлық Темір ханның (1329 — 1363 ж.) күмбезі бар. А. туралы Шыңғыс хан жорығына қатысушы қытай ғұламасы Чанчунь Жэнрэнның, шүршіт Елуичусайдың сапары туралы жазбаларда, “Юаньтарихында”, А-тың өзінен шыққан тарихшы-ғалым Жамал Қаршидің “Мұл— хақат ас-Сурах” атты еңбегінде, сондай-ақ М.Х. Дулатидің, Рашид әд-Диннің, Ала әд-Дин Ата Мәлік Жуайнидің, Бабырдың кітаптарында, армян патшасы Гетумның қолжазбаларында мол мағлұматтар келтірілген. Қаланың негізі қашан қаланғаны белгісіз. Оның бізге белгілі алғашқы билеушісі қарлұқ Озар Тұғырыл ханды Шыңғыс ханға тізе бүккені үшін Найман ханзадасы Күшлік өлтірген. Шағатай ұлысы кезінде А. хандықтың жазғы ордасы болды. 14 ғ-дың басында ұлыс ыдыраған кезде Моғолстан (Шығыс Шағатай) астанасына айналды. Тарихи деректер бойынша А. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары барысында (1357, 1383,1390 ж.) күйреген. Жібек жолының негізгі күре тамырынан орын тепкен өзге де көптеген қалалармен қатар А. та ірі сауда, мәдениет және саяси орталық ретінде Қазақстан мен Шығыс Түркістанның ортағасырлық тарихы мен мәдениетінде аса маңызды рөл атқарды.