АЛМААРАСАН МИНЕРАЛДЫ СУЫ — Алматы обл. Қарасай ауд-нда (Алматы қ- нан оңтүстікке қарай 26 км жерде) орналасқан термоминералды жер асты суы. Құрамы мен емдік қасиеті бойынша кремнийлі термальді суларға жатады. Диорит жыныстарындағы жарықшалардан шығатын су көздерінің тәуліктік шығымы 48 м3. Суда күкіртті сутек иісі бар, бұлақтарының ернеуі сульфатбактериялардың қардай ақ түсті колонияларымен көмкерілген. Бұл төңіректе 1951 — 53 ж. 5 ұңғыма бұрғыланған, олардан тәулігіне 520— 525 м3 су өздігінен атқылап шығады. Судың темп-расы 33 — 38°С, минералд. 0,3 г/л, хим. құрамы сульфатты-гидрокарбонатты натрийлі, оның кремний диоксиді (40 — 75 мг/л), фтор (3,6 — 6 мг/л), күкіртті сутек (0,58 мг/л), радон (9 — 13 эман) сияқты биол. активті құраушылары бар. А. минералды суы негізінде 1932 жылдан “Алмаарасан” санаторийі жұмыс істейді.