АЛКОГОЛЬДЕР — органикалық қосылыстар немесе бір атомды спирттер. Оның молекуласында қаныққан көміртек атомының бір гидроксил тобы (ОН) болады. А-дің ең маңыздылары: м е т и л спирті (метанол, ағаш спирті), хим. формуласы СН3ОН — әлсіз иісті түссіз сұйықтық, сумен жақсы араласады, қайнау t 64,5°С, тығызд. 0,7924 г/см3 (20°С-та), формальдегид, күрделі эфирлер, түрлі еріткіштер алынатын шикізат, жүйке және тамыр жүйелеріне әсер ететін күшті у; этил спирті (этанол, шарап спирті), хим. формуласы С2Н5ОН— өзіндік иісі жөне күйдіргі дәмі бар түссіз сүйықтық, сумен жақсы араласады, қайнау t 78°С, тығызд. 0,794 г/см3 (20°С-та), тағамдық шикізатты (крахмал, қант, шырындар, т.б.) ашыту, өсімдік текті заттарды гидролиздеу және синтет. (этиленді гидраттау) жолдарымен алынады, ректификаттау арқылы тазаланады, синтетикалық каучук, этилді эфир, т.б. алу үшін, еріткіш ретінде, спиртті ішімдіктер (қ. Арақ) өндіруде қолданылады; б у т и л спирттері, хим. формуласы С4Н9,ОН — өзіндік спирт иісі бар түссіз сұйықтық, 4 изомері белгілі, изомерлері суда нашар ериді, олардың қайнау темп-ралары 83 — 117,4°С аралығында, тығызд. 0,7887 — 0,8099 г/см3; күрделі эфирлер мен жуғыш заттарды синтездеу үшін, техникада еріткіш ретінде қолданылады. “Алкаголь” ұғымы ауызекі сөзде арақ-шарап, т.б. спиртті ішімдіктердің жалпылама атауын білдіреді.