АЛЖИР, Алжир Халық Демократиялық Республикасы (араб. әл-Жумхурия әл-Жазаирия әд-Димуқратия аш- Шаабия) — Солт. Африкадағы мемлекет. Жерорта т-нің батысында орналасқан. Батысында Мароккомен, Батыс Сахарамен, оңт-нде Нигермен, шығысында Ливия және Туниспен шектеседі. Жері 2,42 млн. км2. Халқы 27,1 млн. адам (1993). Негізгі халқы — алжирліктер — (барлық халықтың 98,4%-і). Халықтың 99%-ін мұсылман сунниттер құрайды. Мемлекеттік тілі — араб тілі. Ірі қалалары мен порттары: Алжир, Оран, Константина, Аннаба, Беджана. Астанасы — Алжир қ. 15 әкімш. уәлаятқа бөлінеді.
Табиғаты. А-дің солт. жағалауын Жерорта т., ал орталық бөлігін Алжир Сахарасы (Үлкен Батыс Эрг шөлі), оңт-н Танезруфт шөлі алып жатыр. Жер бедеріне қарай Жағалаулық Атлас (2310 м), Сахара Атласы (2330 м) тау жоталары, оңт.-шығысында Ахаггар таулы қыраты болып бөлінеді. Кен байлықтарынан мұнай, табиғи газ, темір, қорғасын, мырыш, фосфорит, сынап өндіріледі. Теңіз жағалауында субтропиктік климат қалыптасқан. Қаңтар айының орташа темп-расы 5 — 12°С, шілдеде 25°С, орталығы мен оңтүстігінің шөлді өңірінде 35°С- қа жетеді. Жауын-шашын мөлш. оңт-нде 100 — 200 мм, солт-нде 500 — 1200 мм-ден аспайды. Басты өзені: Шелиф (ұз. 700 км). Тұзды көлдер көптеп кездеседі (Шотт аш- Шерги, Шотт әл-Ходна, т.б.) Жерорта т-нің тау беткейлерінде мәңгі жасыл ормандар, ал атырабының қалған бөлігінде шөл, шөлейт өсімдіктері өседі.
Тарихы. А. аймағында алғашқы адамдар бұдан 400 — 500 мың жыл бұрын өмір сүрген. Б.з.б. 12 ғ-да А. жерінде тұңғыш финикиялық қоныстар пайда болып, сауда, қала өмірі қалыптасқан. Олардың ең белгілі мемл-і Карфаген б.з.б. 3 ғ-да Жерорта т. айма- ғында үстемдік орнату мақсатымен Риммен көп жылдарға созылған соғыстарда жеңіліске ұшырады. Сол кездерде А. жерінде тайпалық одақтар қалыптасқан (массилдер, мазазилдер т.б.). Олардың негізінде б.з.б. 3 ғ-дың ақырында Нумидия мемлекеті құрылды. Б.з.б. 46 ж. Нумидия Римге бағынышты болды. Б.з. 5 ғ-да А- ді вандалдар басып алды. 6 ғ- да Византия үстемдігі орнады. 7 ғ-да бұл аймақты арабтар басып алды. 14 ғ-дың ортасында А. Осман сұлтандарының қолына өтті. 1711 ж. жергілікті әскери-феодалдық топтар ел билігін өз қолдарына алу үшін күрес жүргізді. 18 ғ-да А. бірнеше иеліктерге ыдырап кетті. Соны пайдаланған Франция 1830 ж. А-ді басып алды. Әмір Абд ул-Қадыр бастаған А. халқының отаршылдарға қарсы күресі 1881 жылға дейін созылды. 1-дүн. жүз. соғыс жылдарында ұлт- азаттық қозғалысы қайтадан өріс алды. Елде кәсіптік, саяси ұйымдар құрылды.
2-дүн. жүз. соғыстан кейінгі жылдары да елдің тәуелсіздігі үшін күрес тоқтамады. 1954 ж. наурызда А-де “Революциялық бірлік пен қимыл комитеті” құрылды. Ол сол жылдың ақырында “Алжир ұлт-азаттық майданы” (ҰАМ) болып жарияланып, 1 қарашада қарулы көтеріліс ұйымдастырды. ҰАМ-ды негізгі саяси, қоғамдық топтар, бұқара халық қолдады. Көтерілісті басу үшін Францияның 1 млн-ға жуық әскерлері елді мекендерді бақылауға алды.
8 жылға созылған соғыста 1,5 млн. адам қаза тапты, 2 млн. адам абақтыға қамалып, босқындар көбейді. Голль үкіметі 1959 ж. А-дің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болғанымен 1962 жылдың көктеміне дейін соғысты жалғастырып келді. Ақырында 1962 ж. 18 наурызда соғысты тоқтату 268 жөніндегі келісімге қол қойып, рефереңдум арқылы А-дің өзін-өзі билеу мәселесін шешу, екі ел арасындағы экон., мәдени байланыстарын дамыту туралы уағдаласты. Сол жылғы шілденің басында өткен референдум нәтижесінде ҰАМ саяси бюросын бастаған Бен Белла көпшілік дауысқа ие болды. 1962 ж. 5 шілдеде А. — Халықтық демокр. республика болып жарияланды. Тәуелсіз А-де табиғи ресурстар, өнеркәсіп, көлік және банктер национализацияланып, қысқа мерзімнің ішінде қазіргі заманғы индустрия негізі қаланды. 1965 ж. 19 маусымдағы әскери төңкеріс нәтижесінде өкімет Қорғаныс министрі X. Бумедьен басқарған рев. кеңес қолына өтті.
Әлеум. қиыншылықтармен бірге саяси жүйедегі бір партиялық тәртіп (ҰАМ-ның үстемдік етуі) қоғам өмірінде наразылық туғызды. 1989 ж. Жаңа конституция қабылданып, саяси ассоциациялар мен саяси партиялар қызметіне жол ашу туралы заң жарияланды. Тез арада көптеген партиялар өмірге келіп, олардың саны 60-тан асып кетті. 1992 жылдың басында президент Ш. Бенджедид орнынан түсті де, билік Жоғары мемл. кеңеске өтті. 1994 ж. қаңтарда Кеңес Лавинь Зервальдті ел президенті етіп тағайындады. Ол 1995 ж. 16 қарашада өткен президенттік сайлауда жеңіп шықты. Өкімет басшысы болып Ахмед Уяхья тағайындалды (1996, қаңтар). А-дің жаңа басшылығы күрделі ішкі саяси ахуал жағдайында елде тұрақты мемл. институттарды қалыптастыруға бағытталған шаралар жүргізуде. 1989 ж. қабылданған конституцияда (1976 жылғы. Негізгі заңмен салыстырғанда) елде социализм орнату, партияның жетекші рөлі, мемл. меншіктің басым дамуы жөніндегі баптар алынып тасталды. 1992 ж. Ислам құтқару партиясының жұмысына тыйым салынып, террорлық әрекеттерге қарсы батыл шаралар іске асырылуда.
Экономикасы. А.ш-ның дамуы жағынан А. Африка құрлығында 2-орын алатын аграрлы ел болып саналады. Астық, жүзім ш-мен қатар теңіз жағалауында цитрус жемістері мен көкөніс өнімдерін егу кең өріс алған. Елдің таулы және шөлейт аудандарында мал ш. өркендеген. Қалаларда а.ш. өнімдерін өңдеу (шарап жасау, консерві, темекі, ұн тарту) дамыған. Ел экон-да өнеркәсіптің үлесі артып келеді. Оның жетекші саласы — мұнай (1995 ж. — 35 млн. т) және табиғи газ (163 млрд. м3) өндіру. Металлургиялық комбинат, трактор және дизель моторларын жасау зауыты бар. А. территориясында дүн. жүз. маңызы бар мұнай және табиғи газ қорлары зерттелген. А-дің Африка құрлығы бойынша сауда құрылымындағы қазіргі үлесі 9% шамасында болса, дүн. жүз. ішкі жиынтық өнімдегі үлесі 0,46% (1995). Экспорты — 10240 млн. доллар, импорты — 10250 млн. доллар құрайды. 80-жылдардың аяқ кезінен А. басшылығы шаруашылықты нарықтық экон. арнасына көшіруге бағытталған реформалар жүргізе бастады.
Әдебиеті. А. халқының әдебиеті араб, кабиль, француз тілдерінде дамыған. Отаршылық қамытынан құтылуға ұмтылған халықтың ар рухына оның биік азаматтық пафосы сәйкес келеді. Халық ақындары (маддахтар) азаттық үшін қарулы күреске үндеді (Абд ул-Қадыр, Саид Абдолла, Мұхаммед Белкаир, т.б.). 20 ғ-дың басында араб мәдениетін жаңарту жолындағы қозғалыс басталды. Патриоттық лирика өрістеді. (Мұхаммед әл-Ид, Мұхаммед әл-Лакхани). А. халқының 50 — 60 ж. поэзиясындағы жетекші тақырыбы ұлт-азаттық күресі (Әбу-л- Қасым Саадалла Муфди Зәкәрия). Прозада бұл, әсіресе, ат- Пахир Ваттар, Фадил Масуди әңгімелерінде айқын көрінді. Араб тілді А. әдебиетінде әңгіме жанрының негізін салған Ахмед Рида-Хуху араб тіліндегі алғашқы отандык романның да авторы болды (“Меккеден келген қыз”, 1947). 40 — 50 ж. француз тілді А. әдебиеті дами бастады. Жан Амруш, Аит Жафер, Мұстафа Лашраф сияқты ақын, жазушылар өз шығармаларында ұлттық сананың оянуын бейнеледі. Мұхаммед Дибтің (“Алжир” трилогиясы), Мулуд Фераунның (“Кедей баласы” романы), Мулуд Маммеридің (“Әділет ұйықтап жатқанда”), т.б. жазушылардың реалистік шығармалары жарық көрді. Әсия Жебар, Маргерит Гаос әйелдердің рухани жетілуін, сезім тәрбиесі мәселесін көтерді. Аңыз бен тарих, миф пен шындық Ясин Кәтеб туындыларында өзгеше үйлесім, өрнек тапты (“Жазалау шеңбері” драм. шығармасы, “Неджма” романы). 60 — 90 жылдар әдебиетінде Мулуд Ашур, Жамал Амрани, Мұстафа Туми, Набил Фарес, Айша Лемсин, Мұстаф Хашан, Диб, Хажы Әли, Тидафи, т.б. шығармалары көрнекті орын алды.