АЛЕКТОРОВ Александр Ефимович (1861 — 1918) — орыс ориенталисі, миссионер. Қазақ тарихын, мәдениетін, этнографиясы мен ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеген. Орынбор пед. ин-тын бітірген. 1882 ж. Торғайға келгеннен бастап, халық ағарту саласында қызмет істеген. Бөкей ордасында, Ақмола, Семей, Гурьев (қазіргі Атырау) обл-тарында халық уч-щелерінің директоры, инспекторы бола жүріп, қазақ халқының тарихы, тұрмыс-салты, ауыз әдебиеті, тілі жөнінде көптеген зерттеу, жинау жұмыстарын жүргізген. Ол “Қырғыз есімдері”, “Қырғыздар өмірінің бейнесі”, “Қырғыздар” (1886 ж.), “Бақсы”, “Қырғыздардың халық әдебиеті” (1893), “Қырғыздардың мал шаруашылығы” (1888), “Қырғыздардың жер бөлісуі” (1889), т.б. барлығы 100-ден аса еңбек жазып қалдырған. 1896 ж. ел аузынан “Қобыланды” жырын жазып алды. 1898 ж. Қазан ун-тінің жанындағы “Археология, тарих және этнография қоғамы хабарларында” Байток ақынның Жәңгір ханның өліміне арнап шығарған өлеңін жариялаған. “Дала уәлаяты” газетінде А. жинастырған бірнеше қазақ ертегілері басылды. Аса құнды еңбектерінің бірі — “Қырғыздар туралы кітаптар, журналдар мен газеттердегі мақалалар мен хабарлардың көрсеткіші” (Қазан, 1900). Осы “Көрсеткіште” қазақ, орыс тілдерінде 19 ғ-дың аяғына дейін жарық көрген қазақ елінің тарихы, этногр-сы, тілі, әдебиеті, шаруашылығы жөніндегі еңбектердің мазмұны, олар жайлы айтылған сын-пікірлер, қосымша ретінде 50-ге тарта қазақ кітаптарының мазмұндалған тізімі берілген. Ғалым қазақ халқының қабілетін, дәстүрін, өнерін, музыкасын, фольклорын аса жоғары бағалай келіп, «Қырғыздың халық әдебиеті” деген мақаласында былай дейді: “Ескі әндер бір рудан екінші руға беріліп, жылдан жылға жаңарып отырады, қырғыз өздерінің халық әндерін, халық әншілерін жақсы көреді, бір сөзбен айтқанда әрбір қырғыз — әнші” (“Астраханский вестник”, 1893, №117). Қазан төңкерісіне дейін Ақмола, Семей, Орал обл-тарының қазақ мектептерінде Ы. Алтынсариннің “Хрестоматиясымен” қатар А. құрастырған оқу құралдары да (“К мудрости ступенька”, М., 1891; “Киргизская хрестоматия”, Орынбор, 1898) пайдаланылған. Миссионер ретінде А. “Что нужно для обрусения инородцев”, “Исламизм и киргизы”, т.б. еңбектерінде қазақтарды орыстандыру мәселелерін көтерген. Ол сол кезде іске асырыла бастаған “Бұратана халықтар үшін мектеп — орыс- тандырудың басты құралы”’ саясатын белсенді жүргізді.