АЛЕКСАНДРИЯ КІТАПХАНАСЫ

АЛЕКСАНДРИЯ КІТАПХАНАСЫИскандерия кітапханасы — б.з.б. 3 ғ- дың бас кезінде Александрияда (Мысыр) көрнекті ғалымдардың (Зенодот, Каллимах, Аристарх) қатысуымен Птоломей әулетінің алғашқы екі патшасы негізін қалаған, ертеден дүние жүзіне әйгілі Александрия музейінің жанындағы қолжазба кітаптар қоры. А. к-нда 700 мыңға жуық том (орам) кітап болған. Онда көшірушілер тобы жұмыс істеді. Қолжазбалар кітапхана ғалымдарының сынынан өткізіліп, өңделіп отырылған. А. к-ның қорын жинау, сақтау шеберлігі жоғары дәрежеде болғандығын Каллимахтың библиогр. каталогы дәлелдейді. А. к-нда гректің әдеби, ғыл. шығармаларынан басқа шығыс әдебиетінің шығармалары да сақталған. Еуропа мен Ресейде жарық көрген кейбір тарихи оқулықтарда А. к-н Халифа Әмірдің өртегендігі туралы негізсіз тұжырымдар бар. 1933 ж. М. Шоқай: “Мәскеу большевиктері Искандерия кітапханасын Халифа Әмір тарапынан өртелгенін айта отырып, Иран, Түркия және Ауғанстан халықтарын надан, жабайы етіп көрсетуді мақсат етіп отыр” деп жазды “Яш Түркістан” журналында (1933, №39). 

А. к-ның хазірет Әмір жарлығымен өртелгені — алғашқы дәуір тарихшыларына беймағлұм. Оған Франция ҒА- ның 1923 ж. 30 наурызда “Таң” газетінде жарияланған мәліметтері, кейбір орыс деректері (“Брокгауз — Эфрон” сөздігі, 1891 ж.) де дәлел бола алады. 

Шын мәнінде кітапхананың Рим, Грек, Үнді және Мысыр әдебиетін сақтаған ең үлкен бөлігі б.з.б. 48 — 47 жылдарда Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен. Кітапхананың екінші бөлімі, яғни Птоломей заманында жинақталған шағын қоры Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Оны Серапион махалласына шабуыл жасаған фанатик христиандар өртеп жіберген (341 ж.). Яғни аталмыш ғылым қазынасы Искандерия қ-н арабтар алудан 301 ж. бұрын жойылып кеткен. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *