АЛЕВРИТ — өлшемі 0,01 — 0,1 мм ұсақ үгінділерден тұратын борпылдақ шөгінді тау жынысы. А. терминін 1932 ж. Н. Заварицкий (1932) ұсынған. Оның минералдық құрамы үгіліске түскен бастапқы тау жыныстарының құрамына байланысты. А., негізінен, кварц, дала шпаты, слюда, т.б. минералдар түйіршіктерінен түзіледі. Түйіршіктерінің өлшемдеріне байланысты А. ірі А. (0,05 — 0,1 мм) және ұсақ А. (0,01 — 0,05 мм) болып бөлінеді. А. экзогенді процестердің нәтижесінде пайда болып, жел көтерген тозаңнан немесе баяу аққан су тасқындарының шаймалауынан шөгеді. А-тің тозаң қабаттары мен суда шөккен тұнбалары Қазақстанда төрттік кезеңде түзілген.