АЛДИЯРОВ Әбубәкір Бермұхамедұлы (1878, Торғай обл. Қостанай уезі Сарыой болысы — 27.09.1938, қазіргі Тараз) қоғам қайраткері. Әкесі Бермұхамед болыс болған, атасы Қаумен ел басқарған. Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы 2 сыныптық мектепті, Орынбор ер балалар гимназиясын (1899) тәмамдаған соң, Қазан императорлық ун-тінің медицина ф-тіне түсіп, ген.-адъютант Н.А. Крыжановский атынд. стипендиямен оқыған. 1904 ж. ун-тті күміс медальмен бітіріп, Ақтөбе, Қостанай өңірін де және Троицк қ-сында (1916 жылға дейін) дәрігер болып қызмет істеді. 1916 ж. қазақтың тұңғыш заңгері Ж. Сейдалиннің қызы Ажарға үйленіп, зайыбымен Белоруссияға (Пинск қ.) қара жұмысқа алынған қазақтар арасына өз еркімен барып, дәрігерлік қызмет атқарды, Халықаралық Қызыл Крест қоғамында жұмыс істеді. 1917 ж. елге оралған соң Алаш қозғалысына белсене араласты. 1917 жылғы. 1 және 2 жалпықазақ съезіне қатысты. Алашорданың Қос- танай уезі к-тінің төрағасы және Торғай обл. к-тінің мүшесі болды. 1918 ж. қазанның 14 — 17 аралығында өткен Қостанай уезі казақтарының төтенше съезінде Алашорда автономиясы туралы баяндама жасады. Баяндама бойынша съезд “Қостанай уезі Алаш автономиясына қосылып, тек Алаш және Бүкілресейлік үкіметтердің билігін мойындайды” деген қарар қабылдады. Кеңес өкіметі тұсында А. Троицк қ. ауруханасында дәрігер болып істеді. Алаш қозғалысына белсене араласқаны үшін 1928 ж. Өскеменге жер аударылды. 1936 — 38 ж. Қырғызстанның Қаракөл қ-сында және Тараздағы т. ж. ауруханасында қызмет істеді. А. — 1938 жылы жала жабылып, ату жазасына кесілді. 1956 ж. 20 қыркүйекте ақталды.