АЛДАР (Алдарбай) Исекеев (Исянгельдин) (т.ж.б. — 16.5. 1740) — башқұрт батыры, Ноғай жолы Бурзиян болысының старшыны, 1705 — 11 ж. башқұрт көтерілісі басшыларының бірі. Кейін Ресей империясына көрсеткен қызметтері үшін және беделді башқұрт старшындарын өзіне тарту мақсатымен оған “тархан” атағы берілді. Тевкелев елшілігі құрамында (1731 — 33) Қазақстанда болып, қазақтардың орыс бодандығына өтуіне үгіт жүргізді, осы мәселелер жөнінде Тевкелевтің жақын көмекшісі әрі ақылшысы болды. Осы қызметіне және 1735-36, 1737 — 39 және 1740 жылдардағы башқұрт халқының көтерілістеріне тікелей араласа қоймағанына қарамастан, А. “бұрынғы ұрылар, жаңа бүлікті бастаушылар санатында” (Башқұрт істері жөніндегі комиссия бастығы Л.Я.Соймоновтың сөзі) дарға асылды.