АЛДАРКӨСЕ — қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері, ақылды айлакердің, зерделі қудың жиынтық бейнесі. А. өзінің асқан айлакерлігі арқылы мұратына жетіп отырады. Оның мақсаты — саран байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды, т,б. әжуа ету. Мыс., ол асқан сараңдығы үшін халық Шықбермес Шығайбай атанған байдың асын ішіп, атын мініп, қызын алады; алыпсатар саудагердің алдынан өгіздерін айдап кетеді; оның бұл әрекетін халық айыптамайды, қайта құптап, қошеметтеп отырады. Өйткені А. әділетсіз билік иелерінен қиянат, қорлық көрген қарапайым халықтың өкілі. А. түркі тілдес халықтар (қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, т.б.) әдебиетінің көбіне ортақ тұлға. Бұл А. жайындағы аңыз-әңгімелердің ежелден келе жатқан көнелігін, әлеум. мәнділігін көрсетеді. Оның өмірде болғанын, қай заманда өмір сүргенін дәлелдейтін тарихи дерек жоқ. А. бейнесі қазақ театр және кино өнері туындыларында да көрініс тапқан. Ш. Хұсайынов “Алдаркөсе” пьесасын (1942) және “Алдаркөсе” фильмінің (1964, реж. Ш. Айманов) сценарийін жазды.