АЛДАМШЫ КӨРІНІСТЕР

АЛДАМШЫ КӨРІНІСТЕР, и л л ю з и я (лат. illusio — алдаймын, мазақтаймын, келе-келеймін) — 1) түрлі себептерге байланысты өмір шындығының теріс, жаңсақ қабылдануы; 2) жалған, орындалмайтын үміт, арман. 

А. к. дені сау адамдарға да елестеуі мүмкін. Дегенмен, бұл көбіне психика жүйесінде соқпалы не созылмалы дерті бар кісілерге тән нәрсе. А. к., әсіресе, шаршау, әлсіреу, қорқыныш, үрей секілді психик. әсер салдарынан немесе айналадағыларға сенімсіздікпен қараудан, көңіл күйінің бұзылуы кезінде жиірек бой көрсетеді. Мыс., орманда келе жатқан секемшіл жолаушыға бәзбір бұта тығылып тұрған жол торушы секілді болып көрінуі мүмкін; жұқпалы аурумен ауырып, қызуы көтеріліп жатқан адамға қабырғадағы дақтар ағаштардың, түрлі аңдардың суреті секілді болып елестейді; басы ауырып, мәңгіріп отырған маскүнемге көшедегі топ кісінің әңгімесі оның өз атына айтылып жақан балағат сөздер секілді болып естіледі. А. к-дің көзге елестеп, құлаққа естілумен бірге денені тітіркендіріп, дәм, иіс сезімі қызметіне әсер ететіні де болады. А. к. жалған елестен (галлюцинациядан) өзіндік шынайы қабылдау объектісі арқылы ерекшеленеді. Психопатол. (психик. ауытқу) құбылысы ретіндегі А. к-мен қатар, жұрттың бәрі де бақылай алатын “физикалық А. к.” де болады. Бұл, негізінен, оптик. құбылыстарға, яғни көрініс иллюзиясына байланысты. 

Иллюз. жалған қабылдаулар жайлы жекелеген мысалдарды антик. дәуір авторларынан (Аристотель, Лукреций, т.б.) да кездестіруге болады. Қайта өркендеу дәуірінде де, жаңа кезеңде де “Иллюзия” оптикамен шұғылдану және салыстырмалы қашықтық теорияларын жасау арқылы дәріптелді. Көрініс иллюзиясына байланысты мынадай А. к. кездеседі; 1) оптик.-геом. А. к. (екі өлшемді контурлық кескін көріністері арасындағы метрлік арақатынастардың бұрмалануы); 2) жарық контрасттары (қарама-қарсылық) құбылысы (сұр, жолақ, қара фонға қарағанда ашық фонда күңгірт сияқты көрінеді). Қимыл-қозғалыста да А. к. көп кездеседі. Олар; 1) автокинетикалық қозғалыс (толық қараңғыда байқалатын, объективті түрде қозғалмайтын жарық көзінің ретсіз орын ауыстыруы); 2) стробоскопиялық қозғалыс (қозғалмайтын екі тітіркендіргішті бірінен соң бірін іле- шала көрсеткенде қозғалыс туғандай әсер болуы); 3) индукциялык қозғалыс (қоршаған фонға қарай қозғалмайтын объектінің қозғалғандай болып көрінуі). А. к-дің оптик. және физиол. себептерін анықтауға көптеген зерттеулер арналған. А. к. сырын дұрыс түсінудің тәжірибелік мәні зор. Мыс., А. к. туғызу архит. мен бейнелеу өнерінде, полиграф. әшекейлеулерде, театр сахналарын безендіруде (психол. жайлылық үшін) жиі қолданылады.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *