АЛБАНИЯ, Кавказ Албаниясы — Әзербайжанның көне және орта ғасыр дәуіріндегі атауы, Кавказдағы ең көне мемлекеттердің бірі. А-да (бүгінгі Дербент к-ның маңындағы Чоло қаласында) Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір тәрізді болған “Кавказ кақпасы” орналасқан. Әзербайжан жеріндегі археол. зерттеулер (Мингечаура, Чухуркабала, Софулу, Кабала, Топраққала және т.б.), көне авторлардың (Арриан, Плиний,Страбон, Апигиан, Плутарх, т.б.) жазбалары және армян жылнамалары А. халқының б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңында жер өңдеумен, мал ш-мен және қолөнерімен шұғылданғанын көрсетеді. Құл иеленушілік өрістеп, елді патша мен бас абыз басқарған. Мәдениет біршама жоғары дәрежеде өркендеген. Халқы айға табынған. Басты қаласы б.з-дың басына дейін Кабала болды. Б.з-дың 3 — 5 ғ-да христиан діні енді. Ел басшысы Джеваншир Гирдыманскийдің (638 — 670) тұсында жазу өнері өркендеп, “Агван тарихы” жазылды. 8 ғ-да арабтар мұсылман дінін енгізе бастады. Бүгінгі әзербайжандардың бір бөлігі көне А. халқының ұрпағы болып табылады.