АЛАШ ІСІ

«АЛАШ ІСІ» — 1928 жылдан бастап Алаш қозғалысына қатысқандарды (Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне мүше болған және оларды жақтағандарды) Кеңес үкіметінің жаппай тұтқынға алып, тергеп, 1930 — 32 жылдардағы сот процестерінің шешімдері арқылы әр түрлі мерзімге түрмелер мен концлагерьлерге қамауы. Олардың басым көпшілігіне 1918 — 20 ж-да Алашорда қатарында болып, Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізді, ал одан кейінгі жылдары Кеңес өкіметін құлатуға қарсы әрекеттер жасады, контррев. орталықтар құрып, кең көлемде Кеңеске қарсы ұлтшыл үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, шетелдік кеңес мемл-не қарсы орталықтармен байланыста болды деген жалған айыптар тағылды. 1930 жылғы 4-і сәуірдегі ОГПУ (Біріккен мемл. саяси басқармасы) алқасының үкімімен Ахмет Байтұрсынов бастаған 40-қа жақын адам әр түрлі мерзімдерге түрмелер мен концлагерьлерге қамалуға, жер аударылуға, т.б. жазаларға кесілді. Байтұрсынов, М. Дулатов, Мырзағазы Есполов, Халел Еаббасов, Дінмұхамед Әділов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Байділдин, Асқар Дулатов, Теміржан Есмағамбетов, т.б. (барлығы 20 адам) ату жазасына кесіліп, ол үкім кейін 10 жыл мерзімге концлагерьмен алмастырылды. Сол үкіммен Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Ибрагим Сәтбаев, Әбуәли Әділов, Асқар Әділов, Абдолла Ұзақбеков алғашында 10 жылдық мерзімге концлагерьге кесіліп, бұл үкім кейін Солтүстік өлкеге жер аударумен алмастырылды. Ал Кәрім Жәленов, Дархан Кенжебаев, Төреқұл Мұратов, Ақбар Ыбыраев, Нұрлан Кәрібаев, Алғабек Байдуллаев бес жыл мерзімге концлагерьге жіберілді. 1932 ж. 20 сәуірде ОГПУ үштігінің үкімімен Мұхаметжан Тынышбаев бастаған Алаш қозғалысының 20-дан астам мүшесі жазаланды. Олардың қатарынан ТынышпаевКөшмұхамед (Қошке) Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов, Алдаберген Үмбетбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Әшір Қожамқұлов, Кәрім Тоқтабаев, Ахмет Тұнғашин, Әбдірахман- Мұңайтбасов, Әшім Омаров, Жұмахан Күдерин, Мұстафа БұралқиевӘбдіхамит Ақбаев, Жақып Ақбаев, Сейдәзім Қадырбаев, Мұхтар Мурзин бес жыл мерзімге Ресейдің Воронеж облысына жер аударылды. Олар аударылып барған жерлерінде саяси сенімсіз адамдар ретінде ОГПУ органдарынын бақылауында болды. Осы топпен бірге бастары істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков, Даниял Ысқақов алдын ала тергеуде түрмеде отырған уақыты есептеліп босатылды. “А. і-мен” 1930 және 1932 ж. сотталғандардан М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Д. Әділов, Ә. Байділдин, А. Дулатов, К. Тоқтабаев елге қайтып оралмады. Ал қайтып оралғандары 1937 — 38 жылдардағы “үлкен террор” кезінде “халық жауы” деген жалған айыппен түгелге дерлік атылды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *