АЛАШОРДА

АЛАШОРДА — Аташ автономиясының үкіметі (1917 ж. желтоқсан — 1920). А. (немесе Ұлт Кеңесі) 1917 ж. желтоқсан айының 5—13 күндері Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезінде сайланды. Съездің күн тәртібіндегі он мәселенің ішіндегі ең маңыздылары Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды. Съездің 1917 жылғы 12 желтоқсанда қабылдаған шешімінің 6-бабында былай делінген: “Алаш облыстарын (съезде жарияланған Алаш автономиясын — К.Н.) қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы (мүшесі — К.Н.) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уакытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады” (“Сарыарқа”, 1918, 25 қаңтар, №29). Съезде құрылған Алаш автономиясының үкіметі — Уақытша ұлттық Кеңес — Алашорда деп аталынды, ал оның негізгі мақсаттарының бірі Қазақстанды Ресей орталығындағы жеңіске жеткен “социалистік” революциядан (“бүлікшіліктен”) қорғау болды. Съезд шешімін-де көрсетілгендей Уақытша Ұлттық Кеңес — А-ның құрамына Қазақстанның барлық аймақтарынан 15 адам сайланды: Уәлитхан Танашев (Бөкей Ордасынан), Халел Досмұхамедов (Орал обл.), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола обл.), Халел Ғаббасов (Семей обл.), Мұстафа Шоқай (Сырдария обл.), Садық Аманжолов (Жетісу обл.), т.б. Алашорда құрамына облыстардан тыс халыққа кеңінен таныс қайраткерлер: Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақыткерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. А. құрамына сайланғандар түгелге дерлік жоғары білімді зиялылар еді. Олар — Петроградтың, Мәскеудің, Қазанның, Томскінің, т. б. қ-лардың жоғары оқу орындарын заңгер, экономист, дәрігер, математика, тау кен және темір жол инженерлері, т.б. мамандықтар бойынша бітіргендер. Бұлардың басым көпшілігі өз мамандықтары бойынша қызмет атқарумен қатар ғыл.-шығармашылық жұмыс атқарды. Ал 1917 жылғы қос рев. аралығында олар қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде ат салысып, Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда Бөкейхановқа сенімді серік болған қайраткерлер еді. Үкімет төрағалығына үш қайраткер — Бөкейханов, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейханов төраға болып сайланды. Алаш автономиясының үкіметі сайланғаннан кейін көп кешікпей X. Ғаббасов А-ға бүкіл “қазақ- қырғыз балалары бағынған үкіметіміз деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті (Кеңес үкіметін — К.Н.) танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек” деп жазды (“Сарыарқа”, 1918, 22 қаңтар).

А. өз алдында тұрған міндеттерді ойдағыдай атқару үшін Алаш автономиясының “халықтық милиция” атанған Қарулы Күштерін жасақтауға үлкен мән берді; (қ. Алаш милициясы). Оған қажетті офицерлер дайындау үшін атаман Дутов басқарған Орынбор қазақ әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажет деп табылды. А-ның Дутовпен жақындасуы Алаш жетекшілерінің жағдайын қиындата түсті. Өйткені Оңт. Оралда Әліби Жангелдин ұйымдастырған қызылдар жасағы П. Кобозев пен С. Павлов басқарған қызыл гвардия отрядымен бірлесе отырып 1918 жылғы 18 қаңтарда Орынборды басып алды. Қызылдардан ыққан Дутовпен бірге алашордашылар да Орынборды тастап кетуге мәжбүр болды. Осыған байланысты А. біртұтас қазақ автономиясын құрып үлгермей, барлық қазақ жерлеріндегі үкімет бірлігінен айырылып қалды. Үкімет мүшелерінің біразы Семей маңындағы Алаш қ. атанған (бұрынғы Жаңа Семей) елді мекеніне келіп, өздерін А-ның шығыс (бөлімі деп жариялады. Үкімет мүшелерінің 2-бөлігі Орал обл-ндағы Жымпиты қ-на келіп, өздерін А. үкіметінің батыс бөлімі немесе Ойыл уәлаяты деп атады. Үкіметтің тағы бір бөлігі Жетісу обл-да әрекет етті. Елде азамат соғысы басталған 1918 жылдың жазында А. бастаған күштер және большевиктер мен Кеңес өкіметінің соңынан ерген күштер қарама-қарсы жақта қалып, өкімет үшін бір-бірімен ашық күреске шықты. А. азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен А. үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Л-ны Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919, 1920 ж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *