АЛАША (АЛАШ) ХАН — халық аңызы бойынша “Алты алашты” құраған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде А. ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде “Алаш” этнонимінің шығуы осы А.х. атымен байланыстырылады. Оның есімі 9 ғ-дың туындысы “Қорқыт” дастанында айтылады. Орта ғ. мұраларындағы А. х. — 14 ғ- дың 2-жартысы мен 15 ғ-дың 1 —жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. А. х. ел жадында жауынгер тайпалар — көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемл-тін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде А. х-ның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі — оғыздардың түп атасы — Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид әд-Дин мен Әбілғазы А. х-ның өмір сүрген жері — Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы А. х. ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады. Ұлытау өңіріндегі “А. х. ордасы” аталатын үлкен сарай-қамалдың қалдығы (Жаңғабыл өз-нің бойында) және Қаракеңгір өз-нің жағасындағы “Алаша хан күмбезі аталатын 10 — 11 ғ-ларда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған.