АЛАШАХАН — орта ғасыр қаласының орны. Қарағанды обл. Ұлытау кентінен 18 км жерде, Қаратал өз-нің солт. жағасында орналасқан. Ә.Х. Марғұлан ашып, түңғыш сипаттамасын жасады, кейінірек С.Ж. Жолдасбаев, Ж.Е. Смайылов күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Екі бөліктен тұратын қ-ның негізгі бөлігі төртбұрышты (90×92 м), айналасы ені 5 — 7 м, тереңд. 1,5 м ормен және кезінде ені 4,5 м болған балшықтан соғылған қабырғамен қоршалған. Құлаған бұл қабырғаның сақталған биікт. 3,5 — 4 м, ені іргесінде кейде 16 м-ге дейін жетеді, бұрыштарында мұнара орындары бар. Қақпа оңт— нен шығарылған. Негізгі бөліктің шығыс жағында жапсарлас жатқан төртбұрышты (65×70 м), үш жақтан айналдыра қазылған оры мен биікт. 3 м-ден асқан жалы бар екінші кіші бөлік бар. Қаланың екі бөлігінде де құрылыс салынбаған, біркелкі тегіс келген алаңдардың мәдени қабаты жоқ. қала тұрақты мекен жай, қоныс қызметін атқармаған, тек ерекше жағдайларда пайдаланылатын арнаулы қамал ретінде болған. А. ескерткіштерінің түрлі құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, ғалымдар оны 15—17 ғ-ға жатқызады.