АЛАТАУ ОКРУГІ — Жетісудың Ресей құрамына енген аймағын басқару үшін “Үлкен Орда” приставы негізінде құрылған (1856) әкімш.-территориялық бөлік. Оның құрамына Семей обл. Қапал округінің оңт. бөлігі, Қаратал және Іле өз-дерінің арасындағы жерлер, Іле, Күнгей және Теріскей Алатау аумағы енді. Орталығы Капалдан Верныйға көшірілді. Жер көлемі 162 мың км2, халқының саны 160 мың адам, оның ішінде: қазақтар — 100 мың, қырғыздар — 50 мың, орыстар — 6900, басқа ұлттар — 3100 адам болды. Алғашында Семей обл. әскери губернаторлығына, 1865 жылдан Түркістан обл-на қарады. 1867 ж. Түркістан ген.-губернаторлығы құрылғанда А. о. — Жетісу облысына айналды.