АЛАСТАУ — дәстүрлі тәңіршілдік дүниетанымнан, отқа табынудан қалған ырым. Ол екі түрлі мәнде — ел аумағын, мал өрісін, мекен жайды кесір-кесапаттан сақтау үшін және адам мен малды ауру-сырқаудан айықтыру үшін қолданылған: 1) ежелгі қазақтар отты тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретгі күш, киелі нәрсе санаған. Б.з-дың 4 ғ-нда Византия елшісі Земархты, кейіннен Еуропа елшілерін дала жұртының от арасына өткізіп, “тазартып” қарсы алғандығы көне Қазақстан туралы жазылған саяхатшылар еңбектерінен белгілі. Сондай-ақ казақтар қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға қоныс аударарда көш керуенін лаулап жанған екі оттың арасынан айдап, “алас-алас, әр пәледен халас” (араб. — арылу, бостандық алу; төлеу, өтеу) деп дуалаған. Жаңа үйге қоныстанарда бөлменің бұрыш— бұрышына от жағып немесе адыраспан, арша тәрізді емдік қасиеті мол өсімдіктердің түтінімен бөле-бәтірді А. салты қазіргі кезге шейін сақталған; 2) жамандық наным-сенімді ұстанған ежелгі қазақтар адам мен малға тиетін індет атаулының иесі, яғни құдайы — “бәдік” деп түсінген. Бақсылар от айнала қобыз тартып, сарнау айтып, мал- жанның кеселін А-ға, жансыз нәрселерге көшіруге тырысқан. Жауыздық пен кесапат кесік (Аңғырат —Майныу) жоқшылық пен ізгілік иесімен, (Ақұра-Мазда) көмегімен жеңіп шығуға болады деп ұғынған. Бәдік айтып, ауруды А. нышандары ауыз әдебиетінің нұсқаларында мол ұшыратады. Мыс., “Айт дегеннен айтамын-ау бәдікті, Қара мақпал тоным тозды әдіпті, от оттамай, су ішпей жата берсе, Бәдік емей немене бұл кәдікті. Көш! көш, көш!…” Сонымен қатар аурудан өлген малдың басын сырлап, адам мен жан-жануардың аяғы баспайтын жерге көміп тастау немесе сырқат адамды күн батарда далаға алып шығып, су бүркіп, от айналдырып А. ырымы да бар.