АЛАКӨЛ АУДАНЫ — Алматы обл-ның солт.-шығыс бөлігінде орналасқан әкімш. аудан. Жерінің аум. 36,8 мың км2. Тұрғыны 84,5 мың адам (1997), ауд. орталығы — Үшарал қ. (16,0 мың, 1998). Аудан 1 қалалық, 1 кенттік және 22 ауылдық әкімш. округіне бөлінген. А. а. Балқаш — Алакөл ойысы мен Жетісу Алатауы аралығында жатыр. Ол шығысында Қытаймен, оңтүстігі мен батысында Алматы обл-ның Сарқан, Ақсу ауд-дарымен, солтүстігі мен солт.-шығысында Шығ. Қазақстан обл-ның Үржар, Аягөз аударымен шектеседі. Жерінің оңт,- шығысын Жетісу Алатауының Шыбынды, Қайқаң, Жабық, Күнгей Тастау, т.б. жоталары алып жатыр. Шығысында Қытаймен Жетісу қақпасы арқылы шекараласады. Ауданның қалған бөлігі салыстырмалы түрде жазық келеді. Бұл жерлерді аласа таулар (Арғанаты, Арқарлы, т.б.) мен құмды алқаптар (Қарақұм, Сарықұм, Тасқарақұм) алып жатыр. Солтүстігінде Алакөл топ көлдері (Алакөл, Ұялы, Сасықкөл, Жалаңашкөл) орналасқан. Жетісу Алатауының бастау алатын Лепсі, Тентек, Шынжылы, Көксуат өз-дері аудан аумағын кесіп өтіп, солтүстіктегі Алакөл, Сасықкөл к-деріне құяды. А. а-ның климаты тым контитентті, қысы суық. Орташа темп-расы қаңтарда -12—16°С, шілдеде — 18—23°С. Жылдық жауын-шашын мөлш. жазық аймақтарда 150 — 260 мм, тау бөктерлері мен аңғарларында 350 — 550 мм. Жерінің басым көпшілігін шөлейт белдемінің сұр топырағы, ал тау бөктерлері мен аңғарларында қара қоңыр, ақшыл қоңыр топырақ басқан. Құмды алқаптарда сор, сортаң топырақтар кездеседі. Даласында жусан, ебелек, баялыш, күйреуік, изен, қияқ, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі. Биік тау беткейлері мен аңғарларын шыршалы-қарағайлы орман қамтыған. Жануарлардан: қаскыр, түлкі, қоңыр аю, қабан, борсық, таутеке, арқар, марал; құстардан: үйрек, қаз, аққу, реликті шағала (“Реликті шағала” зоологиялық қорықшасы бар), қырғауыл мекендейді; суларында сазан, алабұға, шармай, ақ амур, көксерке кездеседі. Ауд. 12,5 мың га жерді алып жатқан Алакөл мемл. сулы-сазды қорықшасы, жалпы ауд. 27 мың га болатын “Тоқты” және алма ағаштарынан тұратын ауд. 32 мың га “Лепсі” қорықшалары орналасқан. Кен байлықтарынан Андреев және Ілдерсай бентонитті кендері бар. А. а-нда суармалы және тәлімі егін шаруашылығы дамыған. Онда, негізінен, астық тұқымдастар, тех. дақылдар (қызылша) және картоп өсіріледі. А. ш-на пайдаланылатын жерінің ауд. 2184 мың га, оның ішінде жыртылатын жері 84 мың га. Жыртылуға жарамды жердің 53%-і ғана игерілген (1997). А. ш. бағытындағы 843 мың га жердің шаруа қожалықтарына берілгені 70 мың га (8,3%). 1996 ж. А. а-да 45,3 мың еңбекке жарамды тұрғындар болды. Ауданда экономиканың әр саласы бойынша шаруашылық бірлестіктерінің саны (1.01.98): өнеркәсіпте 21, а.ш-нда 85, құрылыста 7, сауда және қоғамдык тамақтандыруда 20, басқалары 88, одан басқа шаруа қожалықтарын құрғандар 325. Аудан 1997 ж. 115 т ет, 2,7 мың т ұн, 47 т сары май, 1,0 мың т-дан астам нан өнімдерін өндірген. Өсімдік ш. 1997 ж. 35,3 мың т астық, оның ішінде 30,0 мың т бидай, 12,4 мың т қант қызылшасын, 2,6 мың т көкөніс, 13,7 мың т картоп өндірген. М. ш- нда аудан аумағында 34,6 мың ірі қара, 194,2 мың қой мен ешкі, 13,9 мың жылқы болған. Олардан 11,2 мың т ет (тірі салмақта), 22,4 мың т сүт, 5,2 млн. дана жұмыртқа, 670 т жүн алынған (1997). Ауд. жерінен Ақтоғай — Достық т.ж. және Алматы — Өскемен автомоб. жолы өтеді. Үшаралдан облыс орталығы — Алматы қ-на дейінгі кашықтық 570 км.