АЛАКҮЛТЕЛІ ҚЫЗҒАЛДАҚ(Tulipa heteropetala) — лалагүлділер тұқымдасына жататын қызғалдақ туысының бір түрі, көп жылдық баданалы өсімдік. Қазақстанда тек Алтайда ғана қиыршақ тасты, жалаңаш тастақты жерлерде өседі. Биікт. 20 см-ге жуық, сабағы мен тамырының жалғасқан буынында жұмыртқа пішінді баданасы бар, жуанд. 1,5 см-дей болады. Сабағы жұмыр, тік, жалаңаш, 2 — 3 таспа тәрізді жіңішке жапырақты келеді. Гүлі біреу, сабақ ұшында орналасады. Гүл қоршауы сары, сыртынан күңгірт күлгін түсті. Тұқымынан көбейеді. Сәуір — мамыр айларында гүлдеп, маусымда жеміс береді. Баданасын күзде гүлі түскеннен кейін жинайды. Оны құрғақ, салқын жерге сақтап, көктемде егеді. А. қ.- өте сәнді әсем гүлдейтін хош иісті, өте сирек кездесетін өсімдік. Сондықтан ол қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.