АЛАГОУ ОБАЛАРЫ

АЛАГОУ ОБАЛАРЫ — ежелгі сақ тайпаларынан қалған ескерткіш. Шығыс Тянь— Шань жоталарының оңт-нде Үрімжі қ-нан 130 км Тұрфан қ-ның шығысына карай 160 км жердегі Алагоу аңғарында орналасқан. 1976 — 78 ж. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы мұражайының Ваң Бинхуа жетекшілік еткен археол. экспедициясы зерттеген. Алагоу аңғарынан 80-ге тарта көне оба орны қазылды. Қазба кезінде ежелгі сақ ақсүйектерінің мәдениетін әйгілейтін жәдігерліктерге бай 4 оба ашылды. Обалар тастан үйілген, айналасы да тастармен төртбұрышты етіп қоршалған. Терең (6 — 7 м) қазылған қабірлердің түбінде шырша бөренелерінен тік төртбұрышты етіп қиюластырылған жандама жасалған. Мәйіттер басы батысқа беріліп, шалқасынан жерленген. Қабірлерден қыш ыдыстар, Сақ мәдениетіндегі дәстүрлі “аңдар стиліндегі” алтыннан, күмістен, қоладан жасалған сәндік және ғұрыптық бұйымдар табылды. Олар — бір-біріне айбар шегіп тұрған барыс бейнесі бедерленген 4 ұзын алтын пластина (26×3,5 см), артқы аяқтары арқасына қарай қайырылған арыстан (жолбарыс) бейнесі түсірілген алтын пластина (20,5×11 см), диаметрлері 5,5 — 6 см келетін барыс бейнесі түсірілген 8 дөңгелек алтын қапсырма (қ. сурет), тағы да осындай жыртқыш аңдардың басы бейнеленген төртбұрышты не қалқан пішіндес 7 күміс қапсырма, алтын алқа, сонымен катар жүзге тарта әр түрлі алтын әшекей заттар. Ғалымдар А. о. ескерткіштерін қабір құрылысымен жерлеу салты, табылған өнер бұйымдарының жасалу стилі мен мазмұны және антропол. материалдарға жасаған талдаулар нәтижелеріне қарап, дәуірі жағынан тұстас келетін сақтардың Жетісудағы әйгілі Есік обасы мен Бесшатыр қорғандары және Алтайдағы Пазырық мәдениеті ескерткіштеріне ұқсас екенін, оларды жасаушылардың туыстас, жакьін тайпалар болғанын дәлелдеді. А. о-нан керамикалық ыдыстар, жібек тоқыма бұйымдарының табынуы сақтардың Тарым ойпатындағы халықтармен, Қытаймен тығыз мәдени-сауда байланыстарының болғанын көрсетеді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *