АЛАБҰТАЛАР ТҰҚЫМДАСЫ — тұзға төзімді шөптесін бұта немесе ағаш тәрізді (сексеуіл) өсімдіктер. Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында жиі өседі. Респ-мызда 47 туысы, 218 түрі кездеседі. Көпшілігінің сабағы бунақты болып келеді. Жапырақтары кезектесіп немесе қарама-қарсы орналасады. Түссіз ұсақ гүлдері гүл шоғырына топтасып масақша құрайды. Жемісі — жаңғақ. Тұқымы сақиналы болады. Бұл тұқымдасқа жататын өсімдіктердің көпшілігін мал жейді (изен, ебелек, сораң, т.б.), сондай-ақ отын (ақ және қара сексеуіл) ретінде пайдаланылады, қолдан да өсіріледі. Жас өскіндері аскөк ретінде тамаққа, ал тұқымын балықшылар балыққа жем ретінде пайдаланады. Сабын жасау үшін ел арасында оның күлін қайнатып сақар алады. Көптеген түрінен медицинада дәрі-дәрмек дайындайды.