АЛАМАН ТӘРІЗДІЛЕР (Cricetidae) — кеміргіштер отрядының бір тұқымдасы. Бұл топқа дене тұрқы 40 см-ден аспайтын кеміргіштер жатады. А. т-дің қазба қалдықтары Еуразияда олигоцен дәуірінен сақталған. Қазақстанда А. т- дің атжалмандар (Сricetinae), құмтышқандар (Gerbillinae) және тоқалтістер (Microtinae) деп аталатын 3 тобына жататын 31 түрі кездеседі. Олар Респ-мыздың барлық аудандарына дерлік, далалы орманнан шөл, шөлейтгі жерлеріне таулы алқаптарына дейін тараған. А. т-дің пішіні дембелше келген, ұршық тәрізді және мойын бөлімі жақсы жетілген. Артқы аяқтары алдыңғыларына қарағанда ұзындау, бес башпайлы. А. т-дін көбі күрек тістері ақсиған (соқыртышқан), құлақ қалқандары, құйрықтары мен аяқтары қысқа, жер қазуға ыңғайлы болып келеді. Су қоймаларына жақын және батпақты жерлерде мекендейтіндерінің артқы аяқтарының башпайларының арасында жүзу жарғақтары болады. А. т. өте өсімтал, жылдың жылы маусымдарында тез көбейеді. Олар — а. ш. мен орман ш-тарының зиянкестері. Түрлі індеттер таратады.