АҚ ҚҰТАН (Egretta alba) — сидамсирақтылар отрядының құтандар тұқымдасына жататын ірі әрі өте сақ құс. Қазақстанның оңт. аймағында таралған. Жайық бойын, Қамыс — Самар өз-дері, Балқаш — Алакөл ойысында жатқан көлдер жағалауларын мекендейді. ‘Гүсі ақ, салм. 1,5 кг, қанатының ұз. 40 — 45 см болады. Қимылы баяу, үн шығармайды. Олар топтасып тіршілік етеді, ұя салар кезінде қамыстың арасында шағын топ немесе жеке-жеке жұп құрады. Мекиені 3 — 5 ақ, көкшіл тартқан жұмыртқа салады да, оны екеуі кезектесіп басып шығарады. Балапандарын 45 күн ұяда асырайды. А. қ. балықпен, көлбақалармен, көкқасқа шегірткемен, инеліктермен, жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен, ұсақ кеміргіштермен, кесірткелермен қоректенеді. А. қ. — жыл құсы. Қазақстанға наурыз айында ұшып келеді де, қазан айында жылы жаққа ұшып кетеді. Кейбір А. қ-дар Қазақстанның оңтүстігіндегі қатпайтын өзендердің бойында қыстап қалады. Бір кезде А. қ-дар қауырсынына бола көп ауланған. А. қ. — сирек кездесетін құс. Санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, аулауға тыйым салынған.