АҚ СҰҢҚАР (Falco rusticolus) — сұңқар тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанда тұрақты мекендемейді. Көкшетау, Өскемен, Алматы маңайын 12 жыл (1976 — 88) ішінде 2 рет қана қыстайды. Қазір Алматы қ-ндағы хайуанаттар паркінде үш А. с. бар. Өзен бойлары мен тау етектерін мекендейді. Ұябасарының қанатының ұз. 38 — 42 см, салм. 2 кг, аталығы кішілеу келеді, оның қанатының ұз. 34 — 37 см, салм. 1 кг-дай болады. Арқасы көкшіл сұр, шұбар, бауыры ақшыл, сондай-ақ іштерінде шымқай ақ түстілері де кездеседі. Басқа сұңқар тұқымдасына жататын жыртқыштардан айырмашылығы денесі ірі болады. Ұясын жартастың ернеуіне, ағаш басына салады. А. с. — жыл құсы. Жұптасып тіршілік етеді. Қыс айларында сұр шіл, кіші дүркептермен қоректенеді. Қазақстанда тіршілігі зерттелмеген. Құсбегілер саятшылық жасайтын аңшы құс ретінде қолда ұстайды. А. с. өте сирек кездесетін құс болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).