АҚ МҰСТАФА ҚОРЫМЫ

АҚ МҰСТАФА ҚОРЫМЫ — қола, ерте темір дәуірлерінен және орта ғасырлардан сақталған ескерткіш. Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-нан оңт.-шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. 1976 — 1981 ж. Орт. Қазақстан архе ол. экспедициясы (жетекшілері М.Қ. Қадырбаев, Ж. Құрманқұлов) зерттеген. 107 бейіт бар. Тігінен қадалған жақпар тастармен көмкерген 89 қоршау сақталған. Пішімі шеңбер, дөңгелек, төртбұрышты. Зерттелген 40 қабірдің бәрі бұрын тоналған. Адам сүйектері шашылып қалған. Сақталған сүйектерге қарағанда олар тізелері бүгіліп, қырымен, басы батысқа қаратылып жерленген. Бас жағына қыш ыдыс қойылған. Асқа сойып, өлікке бағышталған қой мен жылқы, кейбір жерде сиыр мүшелері қабір ішіне немесе оның батыс жағына қойылған. А. М. қ-нан геом. өрнегі бар көзе, 5 қабыршақ бойтұмар, мыс моншақ, білезіктер, сыртын алтынмен қаптаған құйма салпыншақтар, жебе ұштары табылды. Атасу кезеңінен кейін келетін Нұра кезеңіне тән қоршаулы төртбұрышты обаның қабырғалары жалпақ тастардан қаланған. Сыртқы қоршау көлемі 5,6×5,6 м, ортасындағы қоршау көлемі 2,8×2,9 м. Оның ішіндегі терең қабір қабырғалары да жалпақ тастардан өрілген (циста). Ортасына өртелген кісі сүйектері үйілген. Қабір ішінен мыс моншақ, қоладан иіп, сыртын алтынмен қаптаған 2 дөңгелек сырға табылды. Ер-тұрманымен көмілетін атқа арналған қоршау қорымның шығыс жағында бөлек орналасқан. Қоршау дөңгелек пішінді, шығысында ұз. 2 м, жоғары жағы ат тұмсығындай етіп үшкірлеген сынтас қойылған. Оның айналасында қабір ішінен лахат жасап кісі жерлеген орта ғасыр молалары да бар. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *