АҚ МҰСТАФА — қола дәуірінің қонысы (б.з.б. 14 — 12 ғ.) Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-ның оңт.-шығысында 40 км жерде Атасу өз-нің оң жағасында орналасқан. Көлемі 5 га аумақты алып жатыр. 1976 — 81 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшілері М.Қ. Қадырбаев, Ж. Құрманқұлов) зерттеген. Дөңгелек пішімді, диаметрі 6 — 10 м. 49 үй орны сақталған. Үш үй орны зерттелді. Оның екеуі қола дәуірінің орта кезеңінен (б.з. 14 — 12 ғ.), біреуі соңғы кезеңінен қалған (б.з. 12 — 11 ғ.). Қоныс тұрғындары, негізінен, мыс балқытып, егін егіп, мал баққан. Осы кәсіпке байланысты мыс балқытқан пеш, дән үккіш, жер қопсытатын тас кетпендер, мыс шаппа шот (кельт), қола пышақ, тері илеп, жүн түтетін сүйек құралдар, әсем өрнектелген көзелер, малдың, аңның сүйектері табылды. Қоныс үйлері жартылай жеркепе тәрізді, төрт бұрышты қабырғалары тігінен көмілген бөренелермен бекітілген. Үй ішінде екі-үш ашық және тас ошақтар бар. Қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі үйлер дөңгелек пішінді, киіз үй сияқты құрастырмалы болған. Ол осы кезенде мал басының көбейіп, жартылай көшпелі мал ш-ның үстем болғанын байқатады.