АҚ БАЛЫҚ (Stenodus leuihthys) — албырт тәрізділер отрядының ақсахалар тұкымдасына жататын балық. Қазақстанда А. б-тың тіршілік ету ортасына байланысты Бұқтырма — Зайсан (Ертістің орта және жоғарғы ағысы) және Еділ (Каспий т-нің солтүстігі мен Жайық өз-нің бойы) популяциялары (тұқымдары) бар. А. б-тың дене тұрқы I м, салм. 10 — 30 кг- дай болады. Денесі ұзын, басы сүйір, аузы үжен, жақтары өте майда тісті келеді. Желкесі мен арқасы көкшіл сұр, бүйірі мен бауыры күмістей аппақ болады. 5 — 6 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Қазан — қараша айларында, судың темп-расы 0,2 — 6°С-қа жеткенде, ірі уылдырығын (300 мыңға дейін) өзендердің ағысты, ірілі-уақты тасты жеріне, 1,5 — 2 м тереңдікте, әдетте 2 жылда бір шашады. Ұрығы 6 айда дамиды. А. б. — жыртқыш балық. Оның 2 айлық шабағы басқа балықтардың дернәсілімен, ересектері майда балықтармен және олардың шабақтарымен қоректенеді. Саны өте азайып кеткендіктен, аулауға тыйым салынған. А. б.— өте дәмді балық болғандықтан, кезінде көп ауланған. А. б. Халықар. табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).