АҚӨЛЕҢ, ұйқассыз өлең — әлемнің бірқатар халықтары әдебиетінде кездесетін қалыпты ұйқассыз өлең үлгісі. Ағылш. тіліндегі blапк (“ұйқасты өшіру, жоғалту”) сөзі, франц. тіліне blапсһ (”ақтау”) мағынасында қате аударылуынан орыс тіліне франц. тілінен “Белый стих” болып аударылып, қазақ әдебиеттану ғылымына орыс тілі арқылы сол атауымен енген. Сырттай қарағанда, ұйқаспаған сияқты көрінгенмен, мүлде ұйқассыз да емес, бірақ ұйқасы шумақтың немесе тармақтың кез келген тұсында тұра береді. Оқырманның сезіміне әсер ету үшін кейде ұйқас түйдектері де кездесуі мүмкін. Ең көне А. ө. үлгілері 5 — 9 ғ-лардағы түркі жазба ескерткіштерінде (Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері), қазақтың шешендік сөздерінде кездеседі. А. ө. драматургия жанрында жиі қолданылған. Оның тамаша үлгілері У. Шекспир (“Король Лир”, ‘Тамлет”), А.С. Пушкин (“Борис Годунов”), А.К. Толстой (“Иван Грозныйдың өлімі”, «Федор Иванович патша”, “Борис патша” драмалық трилогиясы) шығармаларында бар. Қазақ драматургиясында М. Әуезов (“Айман — Шолпан”, “Бекет”), Ғ. Мүсірепов (“Ақан сері — Ақтоқты”), Ә. Тәжібаев (“Көтерілген күмбез”, “Жомарттың кілемі”, т.б.), Ә. Кекілбаев (“Абылайхан”), т.б. қаламгерлер А. ө. үлгісін сәтті қолданды. Лирикалық өлеңдерде А. ө-нің ұйқасқан және ұйқаспаған жолдары араласып келеді. Силлабик. жүйеге жататын қазақ өлеңінің ұйқас қорының молдығына, бунақ, буын, тармақ, шумақтардың өзара үйлесуге аса икемділігіне байланысты А. ө. төл поэзиямызға еркін ене алмады.