АҚҚҰР (Lagopus lagopus) — тауық тәрізділер отрядының құр тұқымдасына жататын орта денелі құс. Ол Қазақстанның солт., шығыс және орт. аймақтарында таралған. Ақ қайыңдар арасында тіршілік етеді. Салм. 400 — 900 г, қыста сирағы мен саусақтары тырнағына дейін қалың қауырсынды, жазда қауырсынсыз болады. Басқа тауық тәрізділерден ерекшелігі — бір жылда қоразы 4 рет, мекиені 3 рет түлейді. Қыста түстері аппақ болады, ал жазда түсі тіршілік еткен жеріне сәйкес өзгеріп отырады. А-лар топтанып тіршілік етеді де, көбею кезінде екі-екіден жұп құрады. Жерді шұңқырлап қазып, ішіне шөп төсеп, ұя жасайды. Оған 10 — 12 жұмыртқа салып, оны мекиені 18 — 20 күндей басады. Балапандарын мекиені мен қоразы бірігіп асырайды. Олар ағаш бүршігімен, жапырағы мен, жемісімен, жаз айларында кейде омыртқасыз жәндіктермен қоректенеді. А. — кәсіптік маңызы бар құс.