АҚҚАЙЫҢ, қотыр қайың, сүйелді қайың (Betula pendula, Betula alba) — қайың тұқымдасына жататын ағаш. Қазақстанда Тобыл, Есіл, Ертіс алабында, Семей, Көкшетау, Ақтөбе обл. өңірлерінде, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауы бөктерлерінде кездеседі. А. қ. 250 жылдай жасайды, биікт. 25 м- ге, діңінің жуанд. 80 см-ге жетеді. Бұтағы төмен салбырап өседі, жас бұтағы көбіне шайырлы сүйелді болып келеді. Қабығы ақ түсті, тегіс, жылтыр болады. Жапырағы сабаққа кезек орналасып, сағақты жиегі тісшеленіп бітеді. Гүлі сырға тәрізді күрделі гүл шоғырына топтасады. Мамырда гүлдейді, тамыз — қыркүйек айларында жемісі піседі. Жемісі жалпақтау, біртұқымды жаңғақ тәріздес. Тұқымы сопақтау, ұз. 2,5 мм. А. қ-ның көктемгі шырын құрамында 20%-ке жуық қант болады, одан сусын дайындалады. Жас жапырақтары мен бүрінен дәрі-дәрмек, түрлі бояуыш заттар алынады. Сыртқы қабығы ыдыс, қорап, шатыр, жабын дайындауға пайдаланылады. Сүрегінен үй жиһаздары жасалынады. А. қ. елді мекендерді көгалдандыру үшін де өсіріледі.