АҚТАУ — Маңғыстау түбегіндегі екі ірі қия беткейлі жоталардан құралған бұйрат. Ақшыл түсті мергельдер, жоғарғы бор және неогеннің әктастарынан түзілген. Ұз. 70 км, ені 12 км. Ең биік жері 322 м. Қаратауға қараған солт. беткейлері тік құлама келеді. Оңт. беткейлері көлбеуленіп (8 — 12°), Солт. Ақтау жотасы тұсында бірте-бірте жазылып, Маңғыстау далалық үстіртіне ұласады. Солт. Ақтау Оңт. Ақтауға қарағанда біршама аумақты. Жотаның бұл тұсы сайлы, жыралы болып келеді. Көктемде олар уақытша су көздеріне айналады. Жер бедерін ірі түйіршікті, құнарлығы төмен сұр топырақ жапқан. Шөлді даласында астық тұқымдасты ақ жусан мен баялыш, бұйырғынды өсімдіктер өседі. Солт. Ақтаудың баурайларында минералд. төмен тұщы бұлақтар бар. А. жыл бойы мал жайылымы ретінде пайдаланылады.