АҚТАУ-БОЗАЩЫ ҚОРЫҚШАСЫ — республикалық мәні бар зоологиялық қорықша. 1982 ж. Маңғыстау обл-нда ұйымдастырылған. Жері-нің ауд. 170 мың га. Оған Бозащы түбегінің оңт.-батыс, Ақтаудың солт.-батыс бөліктері және Каспий т-нің соған шекаралас жазық жағалауы енеді. Жер бедері құмды төбелі, бұйратты, сортанды, шағылды, сорлы болып келеді. Қайраңды тегіс алқаптар да кездеседі. Табиғаты шөлейтті, шөлді аймаққа тән. Онда қысқа мерзімді шөл өсімдіктері мен қатар адыраспан, жантақ, көк кекіре, көкпек, сүтгіген, жусан, күйреуік, изен, мортық, киікоты, бұйырғын, сораң, балықкөз, шағыр, қияқ, ақселеу, құртқашаш, тобылғы, бозжиде, ақтұт, т.б. өседі. Қорықшада қосмекенділердің — 1 (дала тасбақасы), бауырымен жорғалаушылардың — 15 (кәдімгі сұржылан, оқжылан, қалқантұмсық, т.б.), құстардың — 300-дей (жылқышы, жабайы кептер, үкі, бөктергі, жағалтай, жамансары, қарақұс, т.б.), сүтқоректілердің — 34 (Каспий итбалығы, құм қояны, қарсақ, дала күзені, қара кірпі, борсық, ақбөкен, дала мысығы, т.б.) түрі мекен етеді. А.-Б. қ-дағы бірқатар аң-құстар (жорға дуадақ, безгелдек, қарабауыр бұлдырық, ителгі, бүркіт, жұртшы, шұбар күзен, қарақұйрық, қарақұлақ, сабаншы, шағыл мысығы, арқар, үстірт жабайы қойы — муфлон, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).